Өнер • 17 Қараша, 2021

Түрік телеарнасы «Томирис» фильмінің сюжеті бойынша сериал түсірмек

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Түркия режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінің сюжеті бойынша бірлескен тарихи сериал түсіруге ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түрік телеарнасы «Томирис» фильмінің сюжеті бойынша сериал түсірмек

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жақында Ыстанбұлда өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival аясында түрік арнасы өкілдерімен кездесуінен кейін белгілі болды. Кездесуге «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы - президент Ақан Сатаев пен вице-президент Айдар Баталов қатысты.

«Қорқыт ата» фестивалінің шымылдығын салтанатты түрде ашқан «Томирис» фильмі түрік жұртшылығына жақсы таныс екенін айта кету керек. Қыркүйекте массагет патшайымы туралы фильм Түркия кинотеатрларында көрсетіліп, көрермендердің қызығушылығын туғызған. Фильм Түркияның 200-ден аса кинотеатрларында көрсетілді.

Сонымен қатар, фестиваль аясында түркі әлемі елдерінің кинематография саласындағы ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беретін маңызды құжатқа қол қойылды. Келісімге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Анар Керімов, Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов және Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой қол қойды.

Құжат аясында тараптар түркі әлемі киноиндустриясына қолдау көрсететін бірлескен қор құруға келісті.

Сондай-ақ, фестиваль аясында Ақтоты Райымқұлова «Қазақфильм» киностудиясының басшылығымен бірге белгілі түрік кинематографистерімен және фестиваль қатысушыларымен кездесіп, бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Еске салайық, биыл Түркияның мәдениет және туризм министрлігі алғаш рет ұйымдастырған Korkut Ata Turkic World Film Festival-де 13 елден 42 кинокартина көрсетілді. Байқау бағдарламасында «Қазақфильмнің» келесі фильмдері көрсетілді: режиссер Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деректі фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтың «Огонь, мерцающий в сосуде» деректі фильмі, режиссер Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» толық метражды анимациялық фильмі, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» кинотаспасы және т.б. бар.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі кезінде "Қазақфильм" киностудиясы түркі әлемі кинематографиясына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды. Белгілі түрік актрисасы Фахрие Эвджен киностудия президенті Ақан Сатаевқа Respect Award мүсіншесін табыстады.